Павлодар облысында балық аулау ережелерін бұзған 6 адам ұсталды
Павлодар облысында балық аулау ережелерін бұзған 6 адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19-21 қаңтар аралығында Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері мен Қ.Сәтбаев атындағы канал филиалының қорықшылық қызметінің өкілдері бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізді. Бұл бұзушылықтар №3, 4, 5 және 8 су тораптарындағы каналдың су қоймаларында Қазақстан Республикасының табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтауға, жолын кесуге бағытталған.
– Балық аулау ережелерін бұзғаны үшін жалпы сомасы 103 500 теңге әкімшілік айыппұл салумен 6 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Су торабының су қоймасында 800 метрге жуық иесіз балық аулау желілері табылды, олар тәркіленіп, жойылу үшін қорықшылық қызметіне берілді. Бұл балық аулау желілері тыйым салынған балық аулау құралдары болып табылады, – деді Екібастұз қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Төлеген Құдайбергенов.
Тәртіп сақшысы азаматтар биоресурстарды пайдаланудың қолданыстағы ережелерін білуі және қатаң сақтауы тиіс екенін атап өтті. Қысқы балық аулау әуесқойларымен тұрақты негізде су айдынындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау және балық аулау ережелерінің талаптарын сақтау тақырыбында профилактикалық әңгімелер өткізіледі.
ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы (Балық аулау және балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау ережелерін бұзу жеке тұлғаларға) – 10, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 70, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.