Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Солтүстікқазақстандық полицейлер зияткерлік ойында жеңімпаз атанды

Солтүстікқазақстандық полицейлер зияткерлік ойында жеңімпаз атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

21 ақпан – халықаралық ана тілі күнінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Солтүстік Қазақстан облыстық филиалымен бірлесе отыра «Білімді мыңды жығады» тақырыбында «Тез тап» командалық зияткерлік ойынын өткізді. Ұйымдастырушылар өлкенің тарихынан сыр шертетін мәдени ошақ – облыстық тарихи-өлкетану музейінде командалардың басын қосты. Ойынға облыстық полиция департаментінен, «Қазпошта» акционерлік қоғамының СҚО филиалынан, қала мектептерінің қазақ тілі мұғалімдерінен іріктелген 4 құрама команда қатысты. Сайыс қатысушылары ойынға бірден құлшына кірісті.

– Бұл ойынның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілімізді дамыту, ана тілімізді насихаттау. Ойынның шарты бойынша командада жеті адам болды. Бұдан бөлек, топ құрамында екі өзге ұлт өкілі де қатысты. Бес кезеңнен тұратын ойын түрлі танымдық тақырыптарды қамтыды. Қатысушыларға логикалық сұрақтар, танымал кинотуындылардан үзінділер көрсетілді, дүниежүзі тарихын қамтитын сұрақтар қойылды, – дейді «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің СҚО бойынша филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов.

Қарсылас командалар да мықты болғанымен, облыстық полиция департаментінің құрама командасы табандылық, ұйымшылдық танытып, барлық кезеңдерде жинаған ұпай саны бойынша жартылай финалға өтті. Ақтық сынның жеңімпаздары тамыз айында өтетін тілдер фестивалінде марапатталатын болады. Ұйымдастырушылардың айтуларынша, бұндай іс-шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру