Шымкентте ЖҚЕ бұзған 350-ге жуық жаяу жүргінші жауапқа тартылды
Шымкентте жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 350-ге жуық жаяу жүргінші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігін алдын алу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Шымкент ҚПД жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарады. Азаматтардың арнайы жаяу жүргіншілер жолағынан емес, жолдың кез келген бөлігінен кесіп өтіп, апат тудыруға себепкер болуы мүмкін жайттар аз емес.
Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жыл басынан жаяу жүргіншілердің жол қозғалыс ережелерін бұзған 348 азаматты анықтап, заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырды.
Аталған жаяу жүргіншілер ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабымен (Жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) жауапқа тартылды.
Айта кетейік, заңнамаға сәйкес бұл құқық бұзушылық 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуға әкеп соғады.
Осы ретте, тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілер мен көлік тізгіндеген жүргізушілерге жол үстінде өз өмірін қатерге тікпеуге және тиісті ережелер мен сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.