Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Телефон сатып алмақ болған Қарағанды тұрғындары алаяққа алданып қалған

Қарағандылық полицейлер интернет желісі арқылы телефонын сатамын деп тұрғындарды алдаған күдіктіні Алматы қаласынан ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты оңтүстік-шығыс полиция бөліміне 24 жастағы азамат пен 29 жастағы азаматшадан арыз түсті. Белгілі болғандай, жәбірленушілердің екеуі де алаяқтың құрбаны болған. Екі арызданушы да әлеуметтік желі арқылы өзін IPhone телефонын сатушы менеджерімін деген белгісіз біреумен танысып, қымбат телефонды арзанға алу мақсатында QR-код арқылы ақша аударған. 24 жастағы жігіт телефон алу үшін 320 мың теңге аударса, 29 жастағы жәбірленуші алаяққа 567 мың теңге ақша аударған.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының кибер қылмысқа қарсы күрес бөлімі қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы қаласынан “телефон сатушы” ұсталды. Оның 25 жастағы Алматы облысының тұрғыны екені белгілі болды.

Анықталғандай, жәбірленушілер шынымен телефон сататын дүкенге ақша аударған. Алайда ақшасы төленген тауар алаяқтың қолына түсіп, ол телефондарды төмен бағамен Алматы қаласында сатып отырған. Күдіктінің тұрғылықты жерінен полицейлер айғақ заттарды тәркіледі. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру