Алматыда мопедист полиция қызметкерін қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кетпек болған
Алматыда мопедист полиция қызметкерін қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кетпек болған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға Құлжа трактінің бойында орын алған.
– Патрульдік экипаж өздеріне берілген бағыт бойынша жүріп келе жатқан. Олар мопед мінген тәртіп бұзушыны бірден байқаған. Ол жылдамдықты асырып, бөлініс жолағы бойымен қарама-қарсы қозғалып келе жатты. Жүргізуші, тәртіп сақшыларының тоқтау туралы заңды талаптарына жауап бермеді: қозғалып келе жатқан бағытында полиция қызметкерін қағып кетіп, қашуға әрекеттенді. Инспектор қолынан жарақат алды. Белгілі болғандай, 39 жастағы қала тұрғынының көлік құралын басқаруға құқығы жоқ, ол көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 2019 жылы сот шешімімен құқығынан айырылған, – деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ мамандандырылған батальон командирі Жәнібек Өскембаев.
Мопед жүргізушісі Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бабы бойынша, оның ішінде полиция қызметкерінің талаптарына бағынбай, оны қағып кеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.