Алматы полициясы екі қалта ұрысын ұстады
Алматы полициясы екі қалта ұрысын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалта ұрлығын жасады деген күдікпен екі ер адам ұсталды. 63 жастағы И.есімді азамат және 34 жастағы Б.есімді азамат күдікке ілінді. Алдын ала болжам бойынша күдіктілер 205-бағыттағы қоғамдық көлікте қылмыс жасаған: олар жолаушының күртесінің қалтасынан IPhone телефонын ұрлап, жәбірленушіге 200 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
– Ұстау іс-шарасын арнайы топ мүшелері Медеу аудандық полиция басқармасының жедел уәкілдерімен бірлесіп жүргізді. Тінту кезінде ұсталғандардың бірінен Huawei телефоны тәркіленді, ол да ұрланған болуы мүмкін. Сондай-ақ ұсталғандардың қаланың басқа да аудандарында бұрын жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Айтпақшы, бұрын екеуі де мүліктік қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық іс бойынша басқа да мәліметтер ҚР ҚПК-нің 201-бабы және ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес жария етуге жатпайды.