Ақтөбеде тыйым салынған аудиодәрістерді сақтаған тұрғынға айыппұл салынды
Темір жол ұйымының қызметкері дәстүрлі емес ислам идеяларын насихаттайтын аудиодәрістерді сақтағаны үшін 69 мың теңге айыппұл төлейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері ВКонтакте әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізу кезінде Ақтөбе қаласының 29 жастағы тұрғынынан дәстүрлі емес ислам идеяларын насихаттайтын аудиодәрістерді сақтау фактісін анықтады. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Әлімов айтты.
Көлік полицейлері тексеру барысында ер адамның теміржол ұйымдарының бірінде жүк тиеуші болып жұмыс істейтінін анықтады. Дінтану сараптамасының нәтижесі бойынша аудиоматериалдар Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану, сақтау және тарату үшін тыйым салынған.
– Ер адамға қатысты ӘҚБтК-нің 453-бабы 1-бөлігі (Қазақстан Республикасының аумағында діни араздықты қоздыруға бағытталған мәліметтер мен материалдар қамтылған бұқаралық ақпарат құралдары өнімдерін сақтау) бойынша хаттама толтырылып, іс Ақтөбе қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Сот шешімімен жоғарыда аталған азаматқа 20 айлық есептік көрсеткіш (69 мың теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, – деді Ерлан Әлімов.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 1 тоқсанында көлік полицейлері діни қызмет саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың төрт фактісін анықтады. Оның ішінде үшеуі темір жол көлігі қызметкерлерінің әлеуметтік желілеріндегі діни мазмұндағы материалдарды сақтағаны үшін және біреуі діни әдебиеттерді заңсыз әкелгені үшін анықталды.