«АҚШ-қа виза алып беремін»: алматылықтарды алдаған күдікті анықталды
31 жастағы азамат алматылықтарға АҚШ-қа виза алып беруге уәде берген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдікті өзін табысты өнер адамы, продюсер, сценарист ретінде көрсеткен. Бір сөзбен айтқанда, киноиндустриядағы соңғы адам емес. Ол өзін Instagram парақшасында 90 мың аудиторияға осылай таныстырды.
– 31 жастағы К.есімді азамат көркемдік қызметімен қатар, АҚШ-қа виза «рәсімдеумен» айналысқандығы белгілі болды. Алдын ала мәліметке сүйенсек, ол әлеуетті тұтынушылардан алдын ала төлем алып, кейін байланысқа шығуын тоқтатқан. Полицияға арызбен 9 адам жүгінген. Олар ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігімен тіркеліп, бір өндіріске біріктірілді, – деді Әуезов аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөлімі бастығының орынбасары Тимур Мулинов.
Полиция қызметкерлері алданған адамдардың көбірек болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Тергеушілер ықтимал басқа эпизодтарды анықтаумен айналысуда. ҚР Конституциясының талаптарына және ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес қылмыстық іс бойынша өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды.