СҚО-да жыл басынан бері заңсыз аңшылықтың 6 фактісі тіркелді
СҚО-да жыл басынан бері заңсыз аңшылықтың алты фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аңшылар көктемгі аңшылық маусымына дайындалып жатса, балықшыларға қармақтарын жинай тұруға тура келеді. Полицейлер ескерткендей, уылдырық шашу кезеңі басталуына байланысты 15 сәуір мен 20 маусым аралығында Есіл, Нұра, Селеті өзендерінде және оның салаларында Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы барлық су қоймаларында балық аулауға тыйым салынады. Бұдан бөлек, Есіл өзені мен оның салаларындағы төменде көрсетілген басқа да шектеулерді естен шығармау қажет:
15 сәуір мен 15 мамыр аралығында – шортан, аққайран, көксеркені;
20 мамыр мен 20 маусым аралығында – сазан (карп);
1 тамыз бен 14 қыркүйек аралығында – гаммарусты;
1 наурыз бен 15 маусым аралығында – artemia salina жұмыртқаларын;
1 маусым мен 15 шілде аралығында – өзен шаяндарын аулауға, жинауға, дайындауға тыйым салынған.
Табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қадағалау бойынша рейдтік іс-шаралар күшейтілмек. Мұнымен қатар, аңшылық ережелерінің сақталуы да тексеріледі. 2023 жылдың 22 сәуірден 6 мамырға дейін жабайы үйректердің еркегін аулауға аңшылық маусымы басталады (ҚР Қызыл кітабына енгізілген түрлерін қоспағанда).
– Аңшылар өздерімен бірге аңшы куәлігін және аңшылық шаруашылығының жолдамасын немесе жануарлар әлемін пайдалануға берілген рұқсат қағазын, атыс қаруын сақтауға және ұстауға рұқсат қағазын, сондай-ақ жыртқыш құстарды аулаған жағдайда – жыртқыш құстарды аулауға арналған паспортты алып жүруі қажет. Үйректердің еркегін аулау ұрғашы үйректің тұлыбын қою арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ аң аулау және балық аулау ережелерін бұзу үшін көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті естен шығармауды, заңның талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз, – дейді СҚО ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау тобының ерекше тапсырммалар жөнінідегі аға инспекторы Асхат Қожабаев.
СҚО полицейлері жыл басынан аң аулаудың – 373, балық аулау ережелерінің 95 бұзушылығын анықтады. Сонымен қатар заңсыз аңшылықтың 6 фактісі тіркелді. Балық ресурстарын заңсыз аулау фактісі бойынша бір қылмыстық іс қозғалды.