Ақмолалық полицейлер «Мотоцикл» ЖПІШ аясында 90-нан астам құқық бұзушылықты анықтады
Ақмолалық полицейлер «Мотоцикл» профилактикалық іс-шарасы барысында 90-нан астам құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғаларын болдырмау, сондай-ақ мотоцикл жүргізушілерінің көлік тәртібін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 11 сәуірінен бастап Ақмола облысының аумағында мотоцикл құралдарын қауіпсіз жүргізу және жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтау бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Мотоцикл» профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында полиция қызметкерлері азаматтардың назарына мотоцикл құралдарының қатысуымен ЖКО жасау себептері мен шарттарын, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығын жеткізді.
6 күн ішінде полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзған 91 адамды анықтады. 23 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы бойынша мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Басқару куәлігі жоқ адамдардың мотокөлік құралдарын басқарудың 12 фактісі анықталды. 7 мотоциклші техникалық тексеруден өтпеген көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің белгіленген ережелеріне сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқарудың 6 фактісі анықталды. Мотоциклдерді басқарған 4 азамат маневр жасау ережелерін бұзды, үшеуі жаяу жүргіншілерге артықшылық бермегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Мотокөлікті заңсыз қайта жабдықтағаны үшін 1 жүргізуші жауапқа тартылды.
Мас күйінде басқарудың 1 фактісі анықталды.
13 сәуір күні Зеренді ауданының Васильковка ауылында учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Бақтияр Нұрмағамбетов 45 жастағы ақмолалықтың басқаруындағы Орал маркалы мотоциклін тоқтатты. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес мотоцикл жүргізушісі орташа дәрежелі мас күйде болған. Деректер базасын тексеру барысында аталған азаматтың басқару куәлігі жоқ екендігі анықталды. Мотоциклшіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама құрылды.
Іс-шара барысында арнайы тұрақтарға 25 көлік құралы қамауға алынды. Ақмола полицейлері мотоциклдердің иелерін жолда өте мұқият болуға, мотошлемдерді үнемі пайдалануға, жол қозғалысы ережелерін бұзбауға, жылдамдық режимін сақтауға шақырады.