Павлодар полицейлері бастауыш сынып оқушыларына жол ережесін түсіндірді
Балалардың жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын жарақатының алдын алу мақсатында Павлодар облысының полиция қызметкерлері мұғалімдермен бірлесе отырып, бастауыш сынып оқушыларына ойын, ертегі, мультфильм кейіпкерлері арқылы жол қозғалысы ережелерін түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Ғажайыптар елі» қуыршақтар театры мектеп оқушылары арасында жол сауатын ашу сабақтарын өткізуге қатысты. Қойылым барысында ертегі кейіпкерлері мектеп оқушыларына жолда қауіпсіз жүру ережелерін еске түсіріп, жол бойында кішкентай жаяу жүргіншіге қандай қауіп төнетінін, қоғамдық көлік аялдамаларында өзін қалай ұстау керектігін көрсетті. Жолды кесіп өту кезінде құлаққап пен телефонды пайдалануға жол бермеуге ерекше назар аударылды.
– Балалар біздің болашағымыз. Балаларды жолда дұрыс жүріс-тұрысқа үйретуді ерте жастан бастау керек. Бұл акция балалардың жолдар мен көшелердегі қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын, денсаулығына қауіп төндіретін қауіпті жағдайларды болжай білу дағдыларын дамытуға бағытталған. Біздің міндетіміз – бүгінгі мектеп оқушыларынан тәртіпті жол қозғалысына қатысушыларды тәрбиелеу. Өйткені көшедегі тәртіп – жаяу жүргіншілер қауіпсіздігінің кепілі, – дейді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Айбек Рақышев.
– Жыл сайын жолдарда көліктер көбейіп келеді. Қауіпсіз жүруді қамтамасыз ету үшін Жол қозғалысы ережелерінің қатаң заңы бар. Денсаулығымыз бен өмірімізді сақтау үшін бәріміз жол ережесін сақтауымыз керек. Бүгін біз қауіпсіз жол қозғалысы туралы білімімізді бекіттік, – деп өз әсерімен бөліседі Павлодар қаласындағы Қалижан Бекқожин атындағы №12 мектептің 4-сынып оқушысы Ертай Нұртай.
– Ертегі кейіпкерлерімен кездесу мектеп оқушыларына жағымды эмоция сыйлады. Әр бала ертегі кейіпкерлерімен қарым-қатынастан қуанышқа бөленді. Ойындарға қатысу – драматизация, балалардың өздері ертегі кейіпкерінің бейнесіне еніп, оның өмірін бастан өткерді. Сол арқылы жолдар мен көшелердегі әртүрлі жағдайларды талдады. Осының барлығы оқытудың тиімділігін арттырады, сондай-ақ жолдардағы қауіпсіз әрекеттерді дамытуға байланысты бір-бірін толықтыратын міндеттерді шешуге ықпал етеді, – дейді Ақсу қаласындағы №4 орта мектептің директоры Жанна Қалиева.
Профилактикалық әңгімелесудің басты мақсаты – жол қозғалысында қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын, білімдерін бекіту. Оқушыларға осындай сабақтарды өткізе отырып, полиция қызметкерлері алған білімдері балаларға жол жағдайында дұрыс жүруге көмектеседі деп үміттенеді.