Алматы полициясы бірнеше алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні қолға түсірді
25 жастағы азамат алматылықтарға жүргізуші куәлігін алып беремін деп уәде еткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірқатар алаяқтық жасады деген күдікпен Алматы облысының 25 жастағы тумасы ұсталды. Жас жігіт қаланың кемінде жеті тұрғынын алдады деген күдікке ілінді. Жәбірленушілердің нұсқасы бойынша, күдікті жүргізуші куәлігін алуға көмектесемін деген желеумен алдын ала төлем алып, жасырынып қалған.
– Жедел шаралар жүргізіліп, күдікті қамауға алынды. Істі қарау барысында оның осыған ұқсас жеті эпизодқа қатысы бар болуы мүмкін екендігі анықталды. 25 жастағы А.есімді азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс тіркелді, – деді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Талғат Беркінбаев.
Бірақ полиция зардап шеккендердің көп болуы мүмкін екендігіне сенімді. Қазір тергеушілер ұсталған азаматтың бұрын жасалған осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесін көздейтін өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.