Алматыда бірқатар пәтер ұрлығына қатысы бар қылмыстық топ қолға түсті
Алматыда бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар бұрын істі болған азаматтар қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оңай олжаға қызығып тұрғындардың пәтерлерін тонап жүрген қылмыстық топты жедел уәкілдер қылмыс үстінде ұстады. Аталған іс-шара Демьян Бедный көшесі бойында жүзеге асырылды.
– Еліміздің әр өңірінен келген 33 және 29 жастағы бес азамат құрықталды. Олардың 4-і бұрын бірнеше рет тонау, зорлау, адам ұрлау, бұзақылық, көлік ұрлығы сияқты ауыр қылмыстар жасағаны үшін істі болғандары белгілі болды. Алдын ала анықталғандай, жедел және арнайы іс-шаралар барысында аталған бестік енді пәтер тонауға көшкен сыңайлы. Кезекті тұрғын үйді тонау барысында олар қолға түсті. Қолды болған заттар айғақ зат ретінде тәркіленді. Аталған қылмыстық топ ішінде ұрлаған заттарды сатып алушы да болуы мүмкін. Мұның барлығы тергеу амалдары барысында анықталатын болады, – деп мәлімдеді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
ПБ бастығының мәліметінше, аталған топ соңғы рет Алатау ауданы Байжанов көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйді тонаған. Бүгінгі күні олардың кем дегенде 5 үйді тонағандары белгілі болды.
Сонымен қатар ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайтынын ескертеміз.
ҚР Қонституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.