Маңғыстауда жасөспірімдердің қатысуымен болған 3 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді
Маңғыстауда жасөспірімдердің қатысуымен болған 3 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер органдарының басым бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Бұл ретте кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары қызметінің маңыздылығын атап өткен жөн.
Мәселен, жыл басынан бері Маңғыстау облысында 3 мыңнан астам жасөспірім түрлі құқық бұзушылықтарға жол берген. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуы бойынша 61 дерек тіркелді. Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 442-бабына сәйкес, 1840 жеткіншек түнгі мезгілде тұрғынжайдан тыс жерде болған. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған 1452 бұзақылық дерегі тіркелді. Құқық бұзушылардың заңды өкілдері ӘҚБтК-нің 435-бабымен жауапкершілікке тартылды. Оларға тиісті мөлшерде айыппұл салынды.
Кәмелетке толмағандардың заңға бағынуын бақылау және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында полиция қызметкерлерімен тұрақты негізде профилактикалық іс-шаралар және құқық қорғау бағытындағы акциялар ұйымдастырылып тұрады. Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер ювеналды полиция инспекторларының назарынан түспейді.