Ұлытау облысының полициясы Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын талқылады
Ұлытау облысының әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғалидың қатысуымен Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын таныстыру бойынша кеңес өтті. Жиынға полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев және полиция департаменті бастығының орынбасарлаы, полиция департаментінің жергілікті бөліністерінің бастықтары қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған жиынға Ұлытау облысы әкімшілігінің құрылымдық бөліністерінің басшылары, прокуратура, денсаулық сақтау өкілдері жиылды.
– Бүгінгі кеңестің басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі әзірлеген Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын қарастырып, талқылау. Осы аталған тұжырымдаманың маңызын, қазіргі қоғамда алатын орнын, мақсатын, проблемаларын, іске асыруға бағытталған принциптер мен тәсілдерін, сонымен қатар тұжырымдаманы жүзеге асырудағы негізгі стратегиялық бағыттарын жеткізу, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ғ.Құсманғали.
Ұлытау облысы полиция департаментінің штаб бастығы Дәурен Ахметов баяндама жасап, ұсынылған тұжырымдаманың басты талаптарына тоқталып, мазмұнына шолу жасады.
– Қоғамдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамытудың негізгі тәсілдері үш стратегиялық бағытты іске асыру жолымен қамтамасыз етілетін болады, біріншісі азаматтардың өмірі, денсаулығы мен мүлкінің қорғалу деңгейін арттыру, екіншісі мемлекеттік органдардың ортақ жауапкершілігі және халықпен әріптестік негізінде құқық бұзушылықтардың профилактикасының тиімді жүйесін құру, үшіншісі полицияны қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қазіргі заманғы тиімді ұйымға айналдыру, – деді Дәурен Ахметов.
Жиын барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасында қоғаммен әріптестікте мемлекеттік органдар мен қоғамның рөлі мен ортақ жауапкершілігін бекіте отырып, құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді жүйесін дамыту үшін көрсетілген міндеттер мен тәсілдер жан-жақты талқыланды. Кеңес отырысында полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев тұжырымдамада көрсетілген басты бағыттарға тоқталып, бұл құжаттың маңыздылығын атап өтті.
– Стратегиялық бағыттарда көрсетілгендей біздің басты мақсатымыз – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және кешенді қорғаныс пен көмек жүйесін құру, азаматтардың мүлікке қарсы қылмыстардан зардап шегу дәрежесін төмендету, киберқылмысқа тиімді қарсы іс-қимыл, есірткі қылмысына қарсы күрестің тиімділігін арттыру, қоғамдық орындарда қауіпсіздік деңгейін арттыру және жол көлік оқиғаларының алдын алу. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік саласындағы проблемаларды шешу үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды іске асыру және жүйелі тетігін құру – деді Қайыркен Әлиев.
Кеңес барысында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали мен полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев қоғамдық қауіпсіздікті арттыру жолында және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар мәселелерді талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастырды.