Астанада полицейлер жалған чек көрсеткен алаяқты ұстады
Астанада полицейлер жалған чек көрсеткен алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорданың Алматы аудандық полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында сатушыларды жалған түбіртекпен алдаған 33 жастағы Павлодар облысының тұрғынын анықтады.
Павлодарлық келіншек Манас көшесіндегі құрылыс дүкенінен жалпы сомасы 39 мың теңгені құрайтын тауарды ұқыптылықпен алып, сатушыға төлемнің қолдан жасалған жалған түбіртегін көрсеткен де, екі бума тауармен жайбарақат шығып кеткен.
Келесі жағдайда ол Күйші Дина көшесіндегі дүкеннің сатушысын дәл осылай алдап, оны 11 мың теңгеден астам ақшаға алдаған.
Ұсталған бикешке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тексеру барысында оның екі бірдей телефон ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта оның елорда аумағында осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.
Полицейлер жеке кәсіпкерлерді түбіртекті қолдан жасау туралы алаяқтыққа абай болуын ескертеді. Олар жалған төлем түбіртектерін көрсетіп, сатушыларды жиі алдайтынын ескертеді.