Шымкент көшелерінде жол қозғалысын реттеуге арналған 1100-ге жуық белгі орнатылды
Шымкент көшелерінде жол қозғалысын реттеуге арналған 1100-ге жуық белгі орнатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкентте автокөлік жолдары 2347 шақырымды құрайды.
Яғни, осы асфальт жолдарда көлік қозғалысын реттеуге арналған 290 сигналды бағдаршам, 13 700 жол белгісі мен 35 мың метр квадраттан астам жол таңбалары сызылған.
Шаһардағы жол қауіпсіздігін нығайту мақсатында Шымкент қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері қала көшелері мен жол белгілерінің жәй-күйіне көктемдік кешенді тексеру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде анықталған кемшіліктерді түзету үшін ( жол белгілерін орнатуға, жол таңбаларын жаңартуға, ойық-шұңқырларды қалпына келтіруге) жергілікті атқарушы органдарға 595 нұсқама берілді. Сәйкесінше, биыл 12 орынға жаяу жүргіншілерге арналған белсенді бағдаршам мен 15 қиылысқа автокөліктерді реттеуге арналған сигналды бағдаршам қойылды.
Бұған қоса, жол қозғалысын реттеуге арналған 1079 белгі орнатылып, 220 жол белгісі қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ жолдарда, құрлыстарда күтіп-ұстау талаптарын дұрыс орындамағаны үшін 59 лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды.
Өз кезегінде, полиция қызметкерлері азаматтарды жолда абай болуға және орнатылған белгілер мен ережелерге қатаң бағынуға шақырады.