Абайлаңыз, алаяқтар: полиция сақтық шараларын еске салады
Интернет кеңістіктің дамуымен киберқылмыс та қарқын алып жатыр. Алаяқтар ақпараттық технологияларды қолдана отырып, азаматтарды түрлі тәсілдермен алдауға тырысып жатқандары мәлім.
Киберқылмыскерлердің құрығына түспеу үшін не істеу керек? Полиция сақтық шараларын еске салады, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
– Банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің несие рәсімдеу, мүлікті сату немесе ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару, қандай да бір бағдарламалар орнату туралы «телефон» нұсқауларына ермеңіз. Банк пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арнайы операцияларды телефон арқылы жүргізбейді.
– Өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері деп таныстырған бөгде адамдар қоңырау шалған кезде тұтқаны қойып, сізге қызмет көрсететін банктің сенім телефонына немесе полицияға қоңырау шалу қажет.
– Өзіңіз туралы жеке мәліметті, пластикалық карталардың деректемелерін, аударымдар туралы түбіртектерді, кодтар мен құпия сөздерді ешкімге бермеңіз.
– Белгісіз және тексерілмеген сайттарға сенбеген абзал. Тексерусіз алдын ала төлем жасамаңыз. Тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасау туралы келісуге тырысыңыз.
– Күмәнді келісімдер бойынша ақша аударымдарын жасамаңыз.
– Қосымшаларды орнату үшін App Store және Play Market сынды ресми бағдарламаларды пайдаланыңыз.
– Банк қосымшаларына кіру парольдерін үнемі өзгертіп отырыңыз, 3D-қорғанысты және басқа да қауіпсіздік шараларын қолданыңыз.
– Шоттарыңыздағы ақша айналымын жиі тексеріп отырыңыз.