Жамбылдық полицейлер шетелдік көлікті рәсімдеймін деген желеумен ақша алған алаяқты анықтады
Жамбылдық полицейлер шетелдік көлікті рәсімдеймін деген желеумен ақша алған алаяқты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласының полиция басқармасына облыс орталығының тұрғыны осы жылдың сәуір айында белгісіз ер адамның шетелдік нөмірі бар автокөлігін ҚР есебіне қоюға уәде етіп, сенімін теріс пайдалану жолымен оның 137 мың теңге көлеміндегі ақшасын иемденіп кеткендігі туралы шағыммен жүгінді.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері 34 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады. Ер адам кінәсін мойындады.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осы баптың санкциясы 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Жамбыл облысының полиция департаменті алаяқтардың құрбаны болып қалмас үшін қолданыстағы заң талаптарын айналып өту жолдарын іздемей, оны бұлжытпай орындау керектігін ескертеді. Барлық қызметтерді мемлекеттік органдардан алу қажет. Олай болмаған жағдайда, заңды рәсімдерді айналып өтуге тырысу екі тарап үшін де қылмыстық жауапкершілікке алып келуі мүмкін.