Түлкібас полицейлері жылқы ұрлаған азаматты құрықтады
Түлкібас полицейлері жылқы ұрлаған азаматты құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібастық полицейлер аудан аймақтарында мал ұрлығын тоқтату мақсатында жиі рейд жүргізеді. Полицейлер осындай кезекті жұмыс барысында, Сарытөр ауылына бара жатқан жолда жүрісі күдік тудырған жылқы мінген ер адамды тоқтатады. Әңгімелесу кезінде күдікті сұрақтардан жалтарып, малдың өзіне тиесілі екенін айтып, мүмкіндігінше кетуге асыққан. Осы сәтте полицияға жергілікті тұрғыннан мал ұрлығы жөнінде арыз түседі. Әйел адамның айтуынша, түнгі уақытта қорасынан байлаулы тұрған 11 жастағы жылқысын белгісіз біреу ұрлап кеткен.
Полицейлер алған ақпараттан кейін жылқының сипаттарын салыстыра келе, мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен өздері тоқтатқан ер адамды құрықтайды. Тексеру барысында ол ауданның жұмыссыз, бұрын сотты болған тұрғыны болып шықты.
Осы дерек ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алынып, қылмыстық іс қозғалды. Қырағы полицейлердің арқасында күдікті қылмыс үстінде ұсталды. Қолды болған жылқы иесіне қайтарылды. Ұсталған азаматтың басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.