Алматы облысының тұрғынынан заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленді
6 маусым күні Кеген ауданының полициясына өз үйінде қару-жарақ пен оқ-дәрілерді заңсыз сақтаған белгісіз тұлға жайында жедел ақпарат келіп түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дерек ҚР ҚК-нің 287-бабының 3-бөлімінде (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сақтау, алып жүру) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша аудандық полицияда тіркелді.
Сотқа дейінгі тергеу барысында полиция қызметкерлері 58 жастағы күдіктіні анықтады. Тұрғын үйін тінту барысында ер адамнан 3 ойық ұңғылы мылтық пен бір тегіс ұңғылы мылтық табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, 27 бірлік әртүрлі оқ-дәрі табылды.
Қазіргі уақытта табылған арсеналдың шығу тегі бойынша бірқатар тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.
Тәркіленген қару бойынша барлық қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Күдікті қамаққа алынды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.