Ақтөбе облысының бас полицейі такси қызметтерінің жетекшілерімен кездесті
Облыс аумағында жол қауіпсіздігін арттыру және осы мақсатта азаматтық қоғаммен серіктестікті нығайту мақсатында Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы А.Жусупов ірі такси тасымалымен айналысатын мекемелердің өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 маусымда департамент қабырғасында өткен кездесуге Ақтөбе қаласында орналасқан ірі такси қызметінің басшылары мен өкілдері қатысты.
Өзара ынтымақтастық атмосферасында өткен шара барысында полиция басшысы соңғы уақытта облыс жолдарында орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары аса алаңдатушылық тудырып отырғанын және жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес бұл жол апаттарының 80 пайызы жүргізушілердің тәртіпсіздігінен болатынын алға тартып, көліктегі әр адамның өмірі аманат ретінде тапсырылатын такси жүргізушілерінің сапалық құрамы мен жауапкершілігін арттыруда бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
– Қазіргі таңда біздің тарапымыздан облыс әкімдігімен, мәслихат депутаттарымен бірлесе отырып, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы шаралар жалғасып келеді. Жолдарға тиісті талдаулар жүргізіліп, жарықтандырулар, қажетті жол белгілерін орнату жұмыстары, бейнекамералар орнату шаралары ауқымды жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін қосымша 3 мың камера орнатылады. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз өтуге үлкен көмек болады, – деді ПД бастығы Абай Жусупов.
Такси қызметтерінің жүргізушілері өз кезегінде полициямен білесіп жұмыс атқаруға дайын екендіктерін атап көрсетіп, такси жүргізушілерімен болған жол апаттарының, оның ішінде қайғылы аяқталған фактілердің бар екенін жасырмайтын және такси жүргізушілерінің қатысуымен болған әрбір ЖКО дерегі бойынша полицияға көмек көрсетуге, оның ішінде бейнетіркегіштердегі жазбаларды, тиісті құжаттарды ұсынуға әрдайым дайын екендіктерін айтты. Сондай-ақ такси паркі басшылары полиция департаменті басшысынан жүргізушілерді норкологиялық диспансерден қала ішінде өткізу бойынша тиісті көмек көрсетуге, такси жүргізушілері жылдамдықты арттыруға мәжбүр болатын, мысалы, жолаушының өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезде, патрульдік автокөлікпен сүйемелдеу мәселесі бойынша қолдау білдіруге және тағы басқа да ұсыныстар айтты.
Департамент басшысы такси қызметінің өкілдеріне олардың адам өмірі мен денсаулығын сақтауға, құқықтық тәртіпті қорғауға бағытталған барлық әрекеттеріне жан-жақты қолдау көрсететінін айтып, әрдайым өзара ынтымақтастықта қызмет етуге шақырды.