Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ішкі істер министрі Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов іссапармен Түркістанда болды. Бас полицей өңір әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге қаланың қоғамдық жерлерін аралап, туристік полицияның жұмысын көрді, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

ІІМ басшысы Түркістан облысының тұрғындарымен және өңір белсенділерімен кездесті. Жиын барысында аймаққа тән проблемалар қаралып, өзекті тақырыптар көтерілді.

Айта кету керек, жалпы қылмыстық істердің 96%-ы, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істердің 97%-ы полиция қарауында. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтердің 93%-ын полиция қызметкерлері көрсетеді.

Кездесуде еліміздегі қылмыс деңгейінің жыл басынан бері 19%-ға төмендегені айтылды. Түркістан облысында да ұқсас жағдай.

– Ауыр, аса ауыр қылмыстардың саны азайып жатыр. Мысалы, айтып кетейік, қасақана адам өлтіру фактілері жыл басынан бері ел бойынша 51%-ға, Түркістанда 18%-ға төмендеген. Республика бойынша зорлау 38%-ға, тонау 16%-ға, қарақшылық 36%-ға, бұзақылық 47%-ға, ұрлық 28%-ға азайған. Бірақ та қылмыс, өкінішке орай, әлі де бар, – деді Марат Ахметжанов.

Министрдің сөзінше, қылмыстың жасалуына әлеуметтік-экономикалық факторлардың әсері басым. Сондықтан оған ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою маңызды. Осы ретте ІІМ Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Құжатта азаматтардың сұранысы ескеріліп, құқық бұзушылықтар профилактикасы бойынша басқа да мемлекеттік органдардың жауапкершілігі бекітілетін болады.

Марат Ахметжанов жұртты алаңдататын негізгі тақырыптарға тоқталды.

Біріншісі – тұрмыстағы зорлық-зомбылық. Соңғы 5 жылда мұндай фактілер ел бойынша 3 есе өскен. 60% жағдайда жәбірленушілер полицияға арыз жазудан бас тартатын, сол себепті «үй тирандарын» жауапқа тарту қиынға соғатын. Енді заңға түзетулер енгізіледі:

  • «Өтініш беру» форматынан «анықтау» форматына көшу. Бұл заң бұзған адамды арызсыз-ақ жауапқа тартуға мүмкіндік береді.
  • Қайта татуласу мүмкіндігін шектеу.
  • Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту.

Екіншісі – алкоголь. Қылмыстардың басым көпшілігі мас күйдегі адамдармен жасалады. 5 жылда «мас» қылмыскерлердің қолынан 2 360 адам қаза болған.

Министр ішімдіктен бас тартқан ауылдар туралы да айтты. Еліміздегі 380 ауылда 5 жыл ішінде бірде-бір қылмыс жасалмаған. Оның үшеуі Түркістан облысында: Төреарық, Жусансай, Аққойлы.

Үшіншісі – есірткі қылмысы. Түркістан облысында биыл 111 кг есірткі тәркіленді. Бұл 21 мың бір реттік дозаға тең. Оның қара нарықтағы құны 327 млн теңгені құрайды.

Төртіншісі – интернет-алаяқтық. Облыс бойынша 5 ай ішінде 149 осындай қылмыс жасалған.
Полиция киберқылмыстармен күресу үшін «КиберПол» пилоттық жобасын Астана қаласында іске қосқан. Енді оны Алматы мен Шымкент қалаларына енгізу жоспарлануда. Байланыс операторларымен бірге ауыспалы абоненттік нөмірлерден жасалатын қоңырауларға тосқауыл қойылды. Соның арқасында 18,5 млн қоңырау бұғатталды.

Ұрлық және мал ұрлығы. Түркістан облысында жыл басынан бері 455 ұрлық және 88 мал ұрлығы жасалған. Айта кету керек, Президенттің тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бастап ұрлық үшін жауапкершілік күшейтілді. Соның нәтижесінде ұрлық 4 жылда 2,5 есе төмендеген.

Көшедегі қылмыстарға қарсы. Түркістан облысында 21 мың бейнебақылау камерасы бар.  Оның 8 мыңы полицияға шығарылған. Олардың көмегімен биыл 65 қылмыс ашылып, 36 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Аймақтың қоғамдық жерлерінде 12 дабыл батырмасы қойылған.

Жол қауіпсіздігі. Жол жүрісі қағидаларын бұзушыларды анықтап, жол апаттарының алдын алу мақсатында ІІМ «Қорғау» жүйесін іске қосқан. Жүйе жалған нөмірлермен жүрген, айыппұлдары төленбеген, сақтандырусыз, іздестірудегі көліктерді анықтауға мүмкіндік берді.

«Қорғау» жүйесі іске қосылған бір жылдың ішінде Түркістан облысында 341 қауіпті жүргізуші куәлігінен айырылып, жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген 28 автокөлік анықталды.
Министр жергілікті атқарушы органдарды жол инфрақұрылымына, жол белгілерінің орнатылуына назар аударуға шақырды.

Тұрғындар тарапынан жолданған сауалдар да әртүрлі болды.

Үлкен есеп беруден соң ішкі істер министрі жергілікті журналистермен жүздесті. Оларды назардан тыс қалдырмай, барлық сұрақтарына жауап берді.

Ал проблемалық мәселемен жүгінгендерді ведомство басшысы әдеттегідей жеке қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру