Түркістан облыстық полиция департаментінің жаңа ғимараты ашылды
Түркістан облысында полицияның жаңа ғимараты ашылды. Нысанның лентасын ішкі істер министрі Марат Ахметжанов пен облыс әкімі Дархан Сатыбалды қиды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Соңғы үлгіде әрі заманауи талаптарға сай салынған объектіде тәртіп сақшыларының алаңсыз жұмысы үшін барлық жағдай жасалған. Ғимаратта жаттығу залы, спортзал және тир бар.
Департамент ауласында келген қонақтарға арнайы құралдар мен техника, қызметтік көліктер мен «Кибер-шериф», «Кордон Про-М» және «Автоуроган» сынды мобильді кешендер көрсетілді.
Сонымен қатар айтулы жәйтке орай ту көтеріліп, әнұран шырқалды. Министр мен облыс әкімі түркістандық сақшыларға сәттілік тіледі. Сапқа қаз-қатар тізілген полицейлер салтанатты маршпен жүріп өтті.
Мұнда қызметтік көлік қоюға болатын арнайы орын да бар. Одан бөлек көлікті 12 минут ішінде жуып шығаратын автоматты көлік жуу қондырғысы орнатылған.
Жедел басқару орталығы да осында. Облыстағы криминогендік ахуал мен тұрғындардың қауіпсіздігі осы жерден бақыланады. Залда соңғы үлгідегі 126 монитор қойылған. Полиция жұмысының қайнар көзі саналатын орталықта 102 желісіне түсетін қоңыраулар қабылданады.
Шара соңында еліміздің бас полицейі полиция департаментінің жеке құрамымен кездесті. Қызмет басшыларына тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Кемшіліктерді қарап, оларды болдырмауды тапсырды. Сондай-ақ мінсіз қызметімен көзге түскен әріптестерін марапаттады.