Алматыда борышкер жүргізушілер анықталып жатыр
«Құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» қағидаттарын, жасалған құқық бұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және салынған әкімшілік айыппұлдарды өндірудің тиімділігін арттыру мақсатында Алматы полициясы «Борышкер» жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға МКД-нің қызметкерлері мен жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының сот орындаушылары тартылды. Автокөліктер қарқынды жүретін орындарға патрульдік полицияның көліктері жұмылдырылды. Автоматтандырылған ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктері де кеңінен қолданылады, оның ішінде «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» салынған әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар борышкерлерді автоматты түрде есептейді.
– Іс-шара шектеу қойылған адамдар мен көлік құралдарын, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша заңмен белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаған қаулылары бар борышкерлерді анықтауға бағытталған. Одан кейін тәртіп бұзушының көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырылады. Келген жері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес тәркілеу хаттамасы толтырылады. Ұсталған көлік құралын айыппұл тұрағынан шығару айыппұлдарды толық өтеген кезде ғана жүзеге асырылады, – деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.
Әкімшілік тәжірибе бөлімінің мәліметінше, іс-шара басталғаннан бері көлік иелерінде 35,5 млн теңгеден астам төленбеген айыппұлдары бар 44 көлік құралы ұсталды және айыппұл тұрағына орналастырылды. 5,6 млн теңгеден астам сомаға салық берешегі мен шектеулері бар 23 көлік құралы да айыппұл тұрағына орналастырылды.