Павлодар облысында 16 жастағы жасөспірім мотоцикл тізгіндеген
Павлодар облысында 16 жастағы жасөспірім мотоцикл тізгіндеген. Кәмелеттік жасқа толмаған баланың ата-анасына айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер жолда, оның ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында тұрақты негізде профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Мәселен, 3 шілдеде Атамекен – Курчатов автожолының 199-шақырымында патрульдеу барысында Май ауданы полиция бөлімінің Ақжар ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы мемлекеттік тіркеу нөмірсіз болған мотоциклді тоқтатты. Тексеру кезінде мотокөліктің рөлінде көлік құралын басқаруға құқығы жоқ, сондай-ақ қорғаныш мотошлемі жоқ Абай облысының кәмелетке толмаған тұрғыны екені анықталды. 16 жастағы жасөспірімнің өзі Павлодар облысының Май ауданындағы ауылдан 10 км қашықтықта орналасқан көрші ауылға достарына барғанын түсіндірді. Одан әрі талқылау үшін кәмелетке толмаған бала полицияның учаскелік пунктіне жеткізілді.
– Кәмелетке толмаған бала жасаған құқық бұзушылықтар үшін жасөспірімнің анасы бірден бірнеше бап бойынша жауапқа тартылды. ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 2-бөлігі бойынша көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін, ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігі бойынша басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқарғаны үшін, ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 2-бөлігі бойынша қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану қағидаларын сақтамағаны үшін 35 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Павлодар облысы ПД Май ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жандос Айтмұханбетов.
Жыл басынан бері Павлодар өңірінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 60 мыңнан астам азамат жауапқа тартылды.
Тәртіп сақшылары жол ережелерін қатаң сақтауға баса назар аударады және мотоциклді 18 жастан бастап және жүргізуші куәлігі болған жағдайда басқаруға рұқсат етілгенін еске салады, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалары үшін жауапкершілік туралы ескертеді.