Ақтөбелік полицейлер велосипед ұрлаған азаматты құрықтады
Ақтөбелік полицейлер велосипед ұрлаған азаматты құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі спорттық велосипед ұрланғаны туралы арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз адамдар одан баспалдақ алаңында қалдырған, құны 50 мың теңге тұратын велосипедті ұрлап әкеткен. Учаскелік полиция инспекторлары қылмыс орнына бірден келіп, қылмыскерлерді жедел іздеуге кірісті.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні ұстады. Ол 46 жастағы ақтөбелік болып шықты. Күдікті жасаған қылмысын толық мойындады. Тәртіп сақшылары ұрланған велосипедті тәркілеп, заңды иесіне қайтарып берді.
Қазіргі уақытта осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Ақтөбе облысының полиция департаменті мұндай жағдайларды болдырмау үшін велосипедті қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Велосипедті бір минутқа қалдырсаңыз да, оны бекітіп қойыңыз.