Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан – ұлт рухы

Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі Өскемен қаласындағы ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жандандыра түсті. «Ертіс концерт» қалалық мәдениет үйінде «Ұлттық ұлан – ұлт рухы» концерті өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараны тамашалауға қала тұрғындары мен қонақтарынан бөлек Ұлттық ұланның және облыстық күш құрылымдарының басшылары мен жеке құрамы жиналды. Сондай-ақ залда күрең берет иеленген арнайы жасақ жауынгерлері мен аталған біліктілік сынағына арнайы келген Өзбекстан делегациясының әскерилері де болды.

Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі жұртшылыққа репертуарларындағы айшықты әндерді ұсынды. Сонымен қатар ерлер хоры мен бишілер тобы көрермен көзайымына айналды. Ал Құрмет ротасының қарауылы көрсеткен дефиле көптің ықыласына бөленді.

– Концертке отбасымызбен келдік. Рухты әндер іштегі бір мақтаныш сезімін оятады екен. Маған Ұлттық ұлан элитасының қару-жарақпен көрсеткен дефилесі қатты ұнады. Кішкентай ұлым солар өнер көрсеткен кезде кірпік-қақпай қарап отырды. Әр номер сайын балаларым қол шапалақтап, ризашылығын жасырмады, – деді Балауса Әкімжанова.

Балаусаның өмірлік серігі әскери салада қызмет етеді.

– Меніңше, барлығы жақсы ұйымдастырылған. Осындай мәдени шаралар жастардың елге деген патриоттық сезімін оятып, әскерилерге оң көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан мұндай концерттік бағдарламалардың маңызы зор деп санаймын, – деді 2012 жылдан бері Ұлттық ұланда қызмет етіп келе жатқан 6699 әскери бөлімінің кіші сержанты Тимур Әкімжанов.

Мәдениет үйіне жастар мен балалар ғана емес, ересектер де көп келген. Олардың арасында ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар да бар.

– Концерт ұнады! Жиналған көрерменнің қарасы қалың. Кейбірі орын таппай, түрегеп тұрды. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері өскемендіктерге ұлттық өнерімізді көрсетіп, шеберліктерін байқатты. Сондықтан да елдің көңілінен шықты деген ойдамын, – деді зейнеткер Бақытбек Тілешов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру