СҚО тұрғыны жоғалған телефонды тауып берген полицейге алғыс айтты
СҚО Қызылжар ауданы ауылдарының бірінде учаскелік полиция инспекторы Бақтияр Садуов 3 сағат ішінде баланың жоғалтып алған телефонын іздеп тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауыл тұрғынының қызы Redmi телефонымен ойнап, оны үйінің алдында қалдырып кеткен. Содан кейін ол телефонның жоғалып кеткенін байқаған. Отбасы учаскелік полиция инспекторына жүгінді. Полиция қызметкері Садуов бұл көшеде көптеген ауыл тұрғыны малды табыннан алу үшін келіп жүретінінен хабардар еді. Олардың біреуі бала ұмытып кеткен гаджетті алып кетуі мүмкін еді.
Мәселені тез шешуге көрші үйлердің біріндегі бейнекамера көмектесті. 3 сағат ішінде полиция қызметкері оқиғаға ықтимал кінәліні анықтады. Содан телефонды тауып, иесіне қайтарып берді. Ал ауыл тұрғыны полицияға арыз жазбауға шешім қабылдады. Телефонның иесі учаскелік инспектордың кәсіпқойлығын Петропавл жұртшылығының арасындағы танымал парақшасында жариялады.
– Менің кәмелетке толмаған қызымның ұялы телефонының жоғалғаны туралы үндеуіне жедел жауап берген учаскелік полиция инспекторы Садуовқа үлкен алғысымды білдіргім келеді. Көп рақмет. Бізде осындай қызметкерлер бар екеніне өте қуаныштымыз, – деп жазылған жазбада.