Астаналық тұрғынның жатақханадағы бөлмесінен телефонды қолды еткен азамат анықталды
Астаналық тұрғынның жатақханадағы бөлмесінен телефонды қолды еткен азамат анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.Полицияға жергілікті тұрғын арызданып, белгісіз біреу жатақхана бөлмесінен Vivo, Samsung маркалы ұялы телефонын ұрлағанын айтып, оған 95 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтіргені туралы арызданған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Байқоңыр аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар 19 жастағы жігітті анықтады. Анықталғандай, жас жігіт табыс табу үшін, Алматы қаласынан жұмыс іздеп келгені белгілі болған. Ол қаланы аралап жүріп, Қарағанды көшесінің бойындағы жатақханада тұратын туысқанына баруды жөн көрген.
Жатақхананың ауласына жеткенде алдыңғы есіктің құлыпталмағанын көріп, есікті ашқанда дәліздегі үстел үстінде Vivo, Samsung телефондары мен 35 мың теңге көлеміндегі қолма-қол ақша жатқанын байқаған. Бөлмеде ешкімнің жоқтығын пайдаланып, мүлікті иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнын тексеру кезінде саусақ іздері, сондай-ақ басқа да іздер алынды. Қажетті сот-медициналық сараптамалар жүргізіліп жатыр.
Бұл ретте оның елордада бұрын жасалған осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.