Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл СҚО-да интернет-алаяқтыққа қатысты 400 дерек тіркелген

СҚО полицейлері тұрғындармен өтетін кездесулерде интернет-алаяқтардың қарияларға қолданатын айла-тәсілдері туралы айтып беруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қаласы полиция басқармасының қызметкерлері қашықтықтан жасалатын алаяқтық фактілерін ескерту жөніндегі жұмыстарды жалғастырып жатыр. Жуырда қалалық Екінші полиция бөлімінің бастығы бастаған №5 учаскелік полиция пунктінің инспекторлары Жұмысшы кентіндегі Островский көшесінде орналасқан көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарымен үлкен жиналыс өткізді.

Екінші полиция бөлімінің бастығы Талғат Смағұлов интернет-алаяқтардың жиі қолданатын және басқа да кең тараған тәсілдері туралы айтып берді. Бөлім бастығы тұрғындардың қызықтырған сұрақтарына жауап беріп, осы ақпаратпен бөлісуді сұрады. Белгілі болғандай, интернет-алаяқтар қаржылық операцияларды жүргізу туралы күмәнді ұсыныстармен жиналғандардың барлығына дерлік хабарласқан. Ең қарапайым әрі тиімді амал – әңгімені аяқтап, тұтқаны қоя салу.

Жыл басынан облыста интернет-алаяқтықтың 400 фактісі тіркелген. Көбінесе облыс орталығының тұрғындары алаяқтардың құрбаны болған – мұндай 312 факті. Талдау көрсеткендей, қаскөйлердің қармағына түскендер – 40 пен 60 жас аралығындағы азаматтар. Алаяқтардың айла-тәсілдерінің арасындағы кең таралған түрі – “банктен хабарласу” және интернет арқылы тауар алған кезде алдын ала төлем талап ету.

Бір-екі күн бұрын қаладағы Instagram-пабликтерде қала тұрғындарының біріне әлдебіреулердің ақшалай несие ресімдегені туралы ақпарат тарады. Петропавл қаласы ПБ Бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері бұл фактіні ҚР ҚК-нің 190-бабы ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жасалған алаяқтық бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қажетті сұратуларды дайындап, жолдады, тергеу әрекеттері жүргізіп жатыр.

Естеріңізге саламыз, телефон арқылы сөйлесу және желіде хат алмасу барысында жеке мәліметтеріңізді ешкімге бермеңіздер, сондай-ақ құрылғыңызға күмәнді қосымшаларды орнатпаңыздар. Қаржылық операцияларға қатысты асығыс шешім қабылдамаңыздар, әңгімені бірден тоқтатып, өз банкіңіздің Call-орталығына және полицияның “102” нөміріне хабарласу қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру