Елордада ұшақта алкоголь ішкен Моңғолия азаматына айыппұл салынды
Елордада ұшақта алкоголь ішкен Моңғолия азаматына айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада 14 тамыз күні халықаралық әуежайдағы желілік полиция бөліміне SKAT әуекомпаниясының «Стамбул – Астана» бағытындағы әуерейсінің бортында құқық бұзушының бар екендігі туралы хабарлама келіп түсті. Экипаж мүшелері полицейлерге жолаушы азаматтың әуе кемесінің ұшу кезінде алкогольдік ішімдік ішкенін, тіпті басқа жолаушылардың тыныштығын бұзғанын айтты.
Мән-жайлар анықталғаннан кейін құқық бұзушы акт бойынша полицейлерге берілді. Тексеру барысында көлік полицейлері Моңғолияның 39 жастағы азаматын анықтады. Ол кезекші бөлімге жеткізілді, медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, алкогольдік масаң күйде болғандығы белгілі болды.
Шетелдік азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-тің 440-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.