Биыл Қызылорда облысында есептегі 72 сотталған қоғамдық жұмысқа тартылған
Биыл Қызылорда облысында есептегі 72 сотталған қоғамдық жұмысқа тартылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің аудандық, қалалық пробация есебіндегі 1000-ға жуық сотталғанның 54-і сот үкімімен тағайындалған қоғамдық жұмыс атқару арқылы жазаларын өтесе, 18-і әлі де өтеп жатыр.
Пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар сот үкімімен тағайындалған қоғамдық жұмыс түріндегі жазаларын жергілікті атқарушы органдар белгілеген жерлерге тазалық жұмыстарын жүргізу арқылы өтеп жатыр. Пробация қызметі тарапынан олардың жазасының орындалуы қатаң бақылауға алынған.
Сот үкімімен оларға 10 сағаттан 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарды орындау міндеттелген. Қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтар күнделікті төрт сағат көшені тазалайды. Сондай-ақ сот үкімімен жазасына қосымша жаза ретінде мәжбүрлі еңбек тағайындалғандар да бар. Олар да белгілі бір біліктілікті қажет етпейтін жұмыстарға тағайындалған. Мәжбүрлі еңбекке тартылған азаматтарға ешқандай ақы төленбейді.
Сотталған азамат қоғамдық жұмысқа тарту жазасымен есепке алынғаннан кейін, 10 күн ішінде жергілікті атқару органдарына жолданып, сол жерде жұмысын бастайды. Сот үкімімен белгілеген жазаларын толық өтеген соң, пробация есебінен шығарылады.
– Жыл басынан бері 72 азаматқа қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалса, оның жартысынан көбісі жазаларын толық өтеп, есептен шығарылды. Бүгінде 18 сотталған қоғамдық жұмыс өтілімін атқарып жатыр, – деді ҚАЖ департаментінің пробация қызметтеріне басшылық жасау тобының бас маманы Ғ.Құлманов.