Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкенттік полиция департаментінің қамқорлығында 80-ге жуық бала бар

Шымкентте 80-ге жуық бала полиция департаментінің қамқорлығында. Соңғы 4 жылдан бері мегаполис полицейлері қаладағы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін өз қамқорлығына алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшылары жыл сайын атаулы күндерде бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, материалдық және моральдік көмек көрсетіп жүр. Тіпті балалардың болашағына, тәлім-тәрбиесі мен біліміне де ерекше көңіл бөліп, барлық қажетті жағдайды жасап жатыр. Мәселен, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері бокс және қоян-қолтық ұрыс түрлерінен спорт үйірмесін ашып, буыны қатпаған жас жігіттерді жаттықтырумен айналысады.

 

Бүгінде аталған мекемеде 76 жасөспірім болса, оның 34-і ұл. Олардың барлығы жүз пайыз спорт үйірмесіне қатысып, салауатты өмір салтын ұстанады.

– Балалардың білім саласында жетістікке жетуіне де полиция қызметкерлерінің ықпалы зор. Өйткені, тәрбиеленушілер погон таққан ағаларынан үлгі алып, өскенде сол кісілердей болуды армандайды. Бүгінде тәртіп сақшыларының жол сілтеп, бағыт-бағдар беруімен біздің үш түлегіміз ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттары атанды. Оның ішінде, Ричилский Александр биыл 3-курсқа өтті, Асланбек Оразбек 1-курсты бітірді, ал Асланбек Бекмұхаммед баламыз осы жылы оқуға түсті, – дейді №4 балалар үйінің директоры Әлия Бектемісова.

Ал, Александр болашақта туған қаласына қайта оралып, антына берік, қызметіне адал тергеуші болғысы келеді. Сондай-ақ, балалар үйінен өзінің төрт қарындасын алып кетуді армандайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру