Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бала қауіпсіздігі: полиция ата-аналарды қырағы болуға шақырады

Шымкентте полицейлер бір түнде 200-ге жуық жасөспірімді үйіне қайтарды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Әрбір ата-ана баласының қайда жүргенін білуі қажет, әсіресе түнгі уақытта. Себебі бұл уақытта жасөспірімдердің қылмыстың құрбаны болуы, жол-көлік оқиғасына ұшырауы немесе өзге де қауіпті жағдайларға тап болу қаупі артады.

Осындай жайттардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласында полиция қызметкерлерімен түнгі профилактикалық рейдтер тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Кезекті рейд барысында түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз үйден тыс жүрген 164 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Барлық жайт бойынша олардың ата-аналары заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрген 22 кәмелетке толмаған анықталды. Жасөспірімдердің заңды өкілдерімен қатар, олардың ойын-сауық мекемесінде болуына жол берген мекеме әкімшілігі де жауапқа тартылды.

Рейд барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдермен, олардың ата-аналарымен және ойын-сауық орындарының өкілдерімен профилактикалық түсіндіру жұмыс жүргізіп, заң талаптары мен оларды бұзған жағдайда көзделген жауапкершілікті еске салды.

Полиция ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне ерекше мән беруге, олардың қайда жүргенін әрдайым бақылауға және кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта қараусыз қалдырмауға шақырады.

Тәртіп сақшылары мұндай түнгі рейдтерді алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізетін болады. Себебі полиция — қоғамның тыныштығы мен жасөспірімдердің қауіпсіздігінің басты кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру