Ақтөбе полицейлері ұрлық жасаған бикешті анықтады
Ақтөбе полицейлері ұрлық жасаған бикешті анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 64 жастағы әйел ұрлық дерегі туралы арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, 22 тамыз күні сағат 13:00-ден 14:00 аралығында белгісіз адам Қонаев көшесінде орналасқан сауда орталығының асханасында оның балалардың мектеп киімі салынған пакетін ұрлап кеткен. Залал сомасы 37 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер сауда үйінде орнатылған камералардың көмегімен күдіктінің жеке басын анықтады. Ол 29 жастағы ақтөбелік болып шықты.
Қыз түскі ас ішуге асханаға келген кезде көрші үстелден пакетті байқап, шығар кезде оны өзімен бірге алып кеткен.
Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.