Қызылорда полицейлері 20 мұқтаж отбасының балаларына көмектесті
Қызылордада дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы барысында полицейлер 20 мұқтаж отбасының балаларына көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Республикалық деңгейде өтіп жатқан «Мектепке жол» акциясы Қызылорда өңірінде де жалғасып жатыр. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету мақсатында тұрақты өткізіліп келе жатқан акцияға кәсіпкерлер, мекеме-ұйымдар, жалпы жұртшылық белсене атсалысып келеді. Соның арқасында көптеген бала мектепке толық даярлықпен баруда. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл акцияға қызылордалық полицейлер де өз үлестерін қосып жатыр.
Қызылорда облысының полиция департаменті мен Ардагерлер кеңесі тұрмысы төмен 20 отбасын арнайы шақырып, қайырымдылық көмектерін көрсетті. Департамент бастығының орынбасары Амиржан Утегенов ата-аналар мен балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, арнайы дайындалған сөмкелерді табыстады. Мектеп сөмкесі оқушыға қажетті негізгі кеңсе тауарларымен толтырылған.
– Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Жас ұрпаққа тәлім тәрбие беріп, оларды жан-жақты қолдасақ болашағымыз жарқын болмақ. Білімді, саналы, қабілетті ұрпақ тәрбиелеу біздің қолымызда. Оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Көңілді демалыс күндерін артқа тастаған балалар енді ерекше серпінмен кезекті оқу жылына аяқ басады. Біздің басты міндетіміз – балаларымыздың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына бар мүмкіндікті қарастыру. Осы тұста балаларды оқуға қажетті киім-кешек, құралдармен қамтуда көмек көрсету мақсатында осындай игі шараны ұйымдастырып отырмыз. Қазақ елінің болашағына адал қызмет ететін, ар-намысы биік, парасатты ұрпақ тәрбиелесек, елдің дамуына қосқан нақты үлесіміз болмақ. Жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай отырып, барлығыңызға сәттілік тілеймін, – деді Амиржан Утегенов.
Тәртіп сақшыларының мұндай игі бастамалары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.