Ақтөбе облысының тұрғыны өз үйінде заңсыз мылтық сақтаған
Ақтөбе облысының тұрғыны өз үйінде заңсыз мылтық сақтаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Ойыл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел ақпаратты тексеру кезінде жергілікті тұрғыннан заңсыз сақталған қару тәркіледі.
61 жастағы азамат өз үйінде 16-калибрлі екі тегіс ұңғылы мылтықты, әртүрлі калибрлі гильзалар мен патрондарды заңсыз сақтаған.
Ер адам бұл мылтықтар мен оқ-дәрілер оған марқұм әкесінен қалғанын түсіндірді.
Осы дерек бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.