Тұрғындарға жүргізуші куәлігін жасап беремін деп алдаған елордалық құрықталды
Тұрғындарға жүргізуші куәлігін жасап беремін деп алдаған елордалық құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тұрғыны полицияға алаяқтық құрбаны болғанын айтып арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз әйел оған тезірек жүргізуші куәлігін алуға көмектесемін деп уәде беріп, алдап кеткен.
Жәбірленуші, әйелдің жүргізуші куәлігін алуға көмектесетініне сеніп, оған 60 мың теңге аударған. Алайда уәде ұзаққа созылып, алаяқ бой көрсетпей кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Алматы аудандық ПБ-ның полиция қызметкерлері алаяқтықпен айналысқан 38 жастағы елорда тұрғынын анықтады.
Күдікті бүгінге дейін елорданың 11-ге жуық тұрғынын алдап үлгерген. Ол көрсеткен қызметі үшін сыйақы мөлшері 30-дан 150 мың теңгеге дейін болып отырған.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.