СҚО-да көлікті масаң күйде басқарған 31 жүргізуші құрықталды
СҚО-да арнайы ЖПІШ кезінде көлікті масаң күйде басқарған 31 жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Айыртау ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері 29 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы Niva автокөлігін тоқтатты.
Көлік жүргізушісінің іс-қимылы полиция қызметкерлеріне күмәнді көрінген. Бұл медициналық куәландыру нәтижесінде расталды. Жүргізуші есірткілік масаң күйде көлік тізгініне отырған.
Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша материал жиналды. Баптың санкциясы 15 тәулікке қамаққа алуды және көлік басқару құқығынан 7 жылға айыруды көздейді.
– Аталған факті «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды. Іс-шара биыл жетінші рет өткізіліп отыр. 8 айда 15 жол-көлік оқиғасы орын алды, 4 адам көз жұмып, 23 адам жарақаттар алды. Осындай фактілердің жолын кесу – патрульдік полицияның жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Іс-шара барысында өткен 6 күнде облыс жолдарында 2 мыңнан астам түрлі бұзушылықтар анықталды. Олардың арасында апаттылыққа тікелей әсер ететін өрескел бұзушылықтар да бар.
Жүргізушілердің көлікті масаң күйде басқаруының 31 фактісі анықталды. 209 жүргізуші жылдамдықты арттырып, 169 жүргізуші көлік басқарып келе жатып ұялы телефонды пайдаланған, 285 жүргізуші қауіпсіздік белдігін пайдаланбаған.