Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да үздік жедел уәкіл анықталды

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде «Үздік жедел уәкіл» кәсіби байқауы қорытындыланды. Биылғы жылы өткен байқауда ең үздік көрсеткіштер есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасынан қатысқан жедел уәкілдің еншісінде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жуырда солтүстікқазақстандық полицияның 20 офицері дәстүрлі облыстық байқауға қатысты. Әр қызметтен үздік деген қызметкерлер іріктеліп алынды. Криминалдық полиция, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, экстремизмге, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл – полицейлер әртүрлі бағытта қылмыспен күресуде. Кәсіби байқауда қызметкерлер заңнама мен ведомстволық бұйрықтарды білу жағынан тестілеуден өтті, атыс және дене шынықтыру дайындығынан сынақтар тапсырды. Сондай-ақ офицерлер жауынгерлік күрес тәсілдерін қаншалықты меңгергенін көрсетті. Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша СҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, 35 жастағы Қуандық Қапаров үздік шықты.

Офицердің екі жоғары білімі бар. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарында мерзімді әскери борышын өтеген. Ішкі істер органдарында 2011 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Қалалық және облыстық криминалдық полиция бөліністерінде мол тәжірибесі бар жедел уәкіл туған өлкесі Тимирязев ауданының полиция бөліміндегі криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы болған. 2023 жылдан бастап есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі лауазымында. Әріптестері мен оның басшылығы полицей жайлы оң пікірде. Бос уақытында пайдалы әдебиетті оқып, білімін арттырып отырады, спортпен айналысады.

Қуандық полицияға қызметке орналасқалы жатқан жастарға және жас қызметкерлерге өздерін жетілдіріп отыруға, төзімді, табанды болуға және әртүрлі адамдармен қарым-қатынас жасай білуге кеңес береді.

Жақын уақытта Қуандық Қапаров республикалық деңгейде өтетін Ішкі істер министрлігінің байқауында өңір намысын қорғайтын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру