Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысының аға тергеушісі алаяқтық фактісін «ізін суытпай» ашты

Қостанай облысының аға тергеушісі алаяқтық фактісін «ізін суытпай» ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысы ПД Науырзым аудандық ішкі істер бөліміне жеке кәсіпкер Ботагөз Ғалиева хабарласып, алаяқтардың құрбанына айналғанын айтты.

Ол Алматы қаласында элиталық пәтерді жалға алуды жоспарлап, Krisha.kz сайтын пайдаланған. Кәсіпкер қолайлы нұсқаны тауып, көрсетілген нөмірге хабарласып, үйді жалға алу үшін алдын ала төлем жасаған. Алайда аударым түскен бойда, алаяқ жәбірленушінің нөмірін бұғаттап тастаған.

Ботагөз Ғалиева бірден полиция бөліміне хабарласты. Оның арызы негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 4-бөлігі (Ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сеніміне қиянат жасау арқылы жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Аға тергеуші Шандос Жанұзақов тергеуді бастап, күдіктіні анықтап, ұстау үшін Алматыға барды.

– Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Бұған қол жеткізу үшін көп жұмыс істеу керек болды, өйткені 20 жастағы алматылық осы фактіге қоса, дәл осылай тағы төрт жәбірленушіні алдап кеткен, – дейді Шандос Жанұзақов.

Қазіргі уақытта ол қамауға алынып, қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Кәсіпкер Ботагөз Ғалиева Қостанай облысы ІІД басшылығына және Науырзым полиция бөлімінің қызметкерлеріне алғысын білдіріп, тергеушінің кәсібилігін ерекше атап өткен бейнеүндеу түсірді.

– Мен алаяқты ұстайды деп ойламадым, бірақ полицейлердің үлкен жұмысының арқасында ақша маған қайтарылды, – деп бөлісті Ботагөз Ғалиева.

Оның пікірінше, дәл осындай жағдайлар халықтың полицияға деген сенімін арттырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру