Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысының полицейлері ЖКО-ның алдын алу үшін тұрғындарға қираған көліктерді көрсетті

Жетісу облысының полицейлері ЖКО-ның алдын алу үшін тұрғындарға қираған көліктерді көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көксу ауданында жол апатының алдын алу үшін шок терапиясы әдісін қолдануды ұйғарды. Шара барысында апатқа ұшырап, қирандыға айналған автокөлік қалдықтары жолдағы жүргіншілерге сабақ ретінде ұсынылды.

Ұзындығы 108 шақырымды құрайтын шерудің бағыты облыстағы ең көп жүретін тас жол – Алматы – Өскемен тас жолының бойымен жақын маңдағы барлық елді мекендерді аралап өтті. Көлік қалдығы тиелген эвакуатор жол-көлік оқиғаларында зақымданған көліктерді көрсетті. Аялдамалар кезінде полиция қызметкерлері профилактикалық кітапшаларды таратып, жүргізушілерге жол қауіпсіздігін қатаң сақтау қажеттігі туралы ескіртті.

– Жол-көлік оқиғасы – облыстағы өзекті мәселелердің бірі. Мұндай акциялар автокөлік жүргізушілеріне Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерін елемеудің нәтижесін әсерлі етіп көрсетуге мүмкіндік береді. Осы жылы тек біздің аудан аумағында 27 ЖКО тіркелді, онда 14 адам қаза тауып, 57 адам жарақат алды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жол қауіпсіздігіне баса назар аударылғанымен, жол ережесін бұзу фактілері азаймай отыр. Мұны биылғы жылы жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында біз анықтаған 4000-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтар растайды. Өрескел ереже бұзғаны үшін 19 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды, – деді Көксу аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрболат Төлебаев.

Тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушыларды жолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру