Астанада тапа-тал түсте ер адамның телефонын тартып алған күдікті ұсталды
Астанада тапа-тал түсте ер адамның телефонын тартып алған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордалық полицияға қала тұрғыны жүгініп, тонаудың құрбаны болғанын хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, ол күндізгі уақтта Уалиханов көшесінде орналасқан кафелердің біріне кіріп келе жатқанда белгісіз біреу бетіне соққы беріп, қолындағы ұялы телефонын тартып алған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Байқоңыр ауданы ПБ полиция қызметкерлері тонауға қатысы бар 35 жастағы елордалықты анықтады.
Тергеу барысында белгілі болғаны, күдікті ер адамның дүкеннен жаңа ұялы телефон алып жатқанын байқап, қылмыстық оймен оның артынан еріп жүрген. Қолайлы сәтті күтіп, жәбірленушінің қолындағы Редми гаджетті тартып алып қана қоймай оған соққы беріп, өзі белгісіз бағытта қашып кеткен.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, ер адам елордалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.