Абай облысындағы әйелдер калониясында тұшпара цехы ашылды
Абай облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің № 23 мекемесінде тұшпара цехы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамнан оқшауланып, жабық мекемелерде жазасын өтеп жатқандарға жұмыс табу оңай емес. Соған қарамастан, Абай облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің № 23 мекемесінің басшылығы бұл бағыттағы жұмысты үнемі бақылауда ұстайды.
Қазан айының басында Абай облысындағы әйелдер колониясында Айгерім жеке кәсіпкері жартылай дайын фабрикаттарды шығаратын цех ашты. Цехта тұшпара, манты, котлеттер және тағы да басқа өнімдер өндіріліп, кейіннен осы ауданда сатылып жатыр. Осы уақытқа дейін цехқа бес сотталған әйел жұмысқа орналасса, алдағы уақытта цехқа тағы бір-екі адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.
– Мен, жұмыс тауып, ата-анама балаларымды тәрбиелеуге қаржылай көмектесу мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Менің екі балам бар, күйеуім жоқ, ұзақ жазаға сотталғанмын. Мен балаларымды тәрбиелеуге тікелей қатыса алмаймын, бірақ оларды қаржылай қолдауға мүмкіндігім бар. Ал жұмыста уақыт тез өтеді. Тұшпара цехының жартылай дайын өніміне сұраныс өте жоғары. Ашылғаны жақында ғана болса да, цех тәулігіне 30 келіге дейін өнім шығарады. Мен барлық тапқан ақшамды балаларға жіберемін, осылайша өзімді тыныштандырамын, – деп түсіндірді сотталған Татьяна.
Осылайша жаңа өндіріске жұмысқа орналасқан сотталған әйелдер өз бетінше алған табыстары есебінен сот үкімі бойынша талаптарды өтеуге, сондай-ақ отбасылары мен балаларына материалдық көмек көрсетуге мүмкіндік алады.
– Біздің мекемеде сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді, өйткені осында әйелдер жазасын өтейді, олар туыстарына көмектескісі келеді, сонымен қатар олар жұмыс орындарында тазалық мәселесіне жауапкершілікпен қарайды. Әрине, біз бірінші кезекте атқару парақтары бойынша талаптары бар сотталғандарды жұмысқа орналастырамыз. Себебі, алдағы уақытта олардың шартты түрде мерзімінен босату туралы өтініштерін қарау кезінде жұмысқа орналасу және талаптарды өтеу мәселесі сол кезде көмектеседі, – деп түсіндірді сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының аға инспекторы Алтынай Ултамбаева.
Бүгінде № 23 мекемеде 200-ге жуық сотталған жазасын өтеп жатыр. Олардың 75 пайыздан астамы тігін цехында, наубайхана, кондитерлік цех сияқты басқа да салада жұмысқа орналасқан, сонымен қатар, бір бөлігі мекеменің шаруашылық бөлігінде жұмыс істейді.
Сотталғандарды еңбекке тәрбиелеу – сотталғандарды түзеу, олардың бойында заңға бағыну мінез-құлқын тәрбиелеу және сотталғандармен де басқа да адамдардың жаңадаң қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауына жол бермеу жөніндегі шаралар кешенінің бірі сияқты.