Астанада екінші рет дүкеннен сейф ұрламақ болған топ құрықталды
Астанада екінші рет дүкеннен сейф ұрламақ болған топ құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дүкен иесі полицияға арыз беріп, белгісіз біреулердің есікті бұзып кіріп, сейфті ұрлап кеткенін хабарлаған. Әйелдің айтуынша, сейфте шамамен 500 мың теңге мен маңызды құжаттар болған.
Аталған қылмысты ашу үшін, жедел-іздестіру тобы құрылып, қылмыскерлерді анықтау және ұстау бойынша кешенді шаралар жүргізілген. Жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы аудандық полиция бөлімінің жедел қызметкерлері сейфті ұрлаған үш күдіктіні анықтап, полицияға жеткізген. Олар бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған 28 және 23 жастағы елорда тұрғындары болып шыққан.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктілердің алдын ала құрылған жоспар бойынша әрекет еткені анықталған. Олар ұрланған сейфті бос жерге апарып, оны арнайы құрылғылармен ашқан. Алайда күткен қомақты олжалары болмай шыққан. Олардың мәліметі бойынша сейфте бірнеше миллион теңге болуы керек еді.
Анықталғандай, аталған топ өткен жылдың қыркүйек айында кілтті таңдау арқылы минимаркетке кіріп, осы сейфті екі рет ұрламақ болған. Дүкенді қиратып алған ұрылар сейфті үйден шығара алмай, оқиға орнынан бойларын тасалаған.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің бұрын жасалған қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.