СҚО полицейлері жаңа мобильдік бейнежүйелерді қолдана бастады
Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында жүйткіп жүрген патрульдік автокөліктерге жаңа “Кибершериф” қондырғысы орнатыла бастады. Бұл жаңашылдық полиция қызметкерлеріне жақында қолданысқа берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін бейнебақылау жүйелерін пайдалану жол қауіпсіздігін нығайтудағы тиімді шара саналады. СҚО-да “Ағын”, “Интеллектуалды көше қиылысы” және басқа да стационарлық жүйелер өздерінің тиімділігін көрсетті. Интеллектуалдық камералар орналасқан жердегі көше қиылыстарында бірде-бір ауыр жол-көлік оқиғасы болған жоқ. Жыл басынан облыста автоматтандырылған жүйелер жол жүрісі қағидаларының 76 мыңнан астам бұзушылығын анықталды. Жуырда облыстық полиция департаментінің қолданысына “Кибершериф” деп аталатын екі жаңа мобильді аппараттық-бағдарламалық кешен келіп түсті.
Патрульдік көлікке орнатылған әр кешенде 8 бейнекамера бар. Шолу аумағы 360 градус, сонымен қатар көлік салонында болып жатқанның барлығын аудио және бейне жазбаға түсіріп алуға қауқарлы. Аталмыш кешен жылдамдықты арттыру, жолдың қарсы бөлігіне шығып жүру, ал қаланың ішінде – белгіленбеген жерге көлікті қаңтарып қою сияқты бұзушылықтарды тіркейді. Бұзушылықтар әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімінде автоматты түрде тіркеледі. Құқық бұзушыларға хабарламалар жіберіледі. Бұл ретте патрульдік полиция батальонының қызметкерлері кешеннің жұмысына араласпайды, бірақ камералардың жұмысының барлық нәтижелері планшеттерге келіп түседі.
“Кибершерифтің” басты ерекшелігі – оқылмайтын, көрінбейтін мемлекеттік нөмірлерді қашықтықтан тану, ұрланған көліктерді немесе борышкерлердің темір тұлпарларын тіркеу. Сондай-ақ бұл кешен қарсы келе жатқан машиналарда сақтандыру полисінің және техникалық байқаудың өтуі туралы куәліктің бар-жоғын автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.
– “Кибершериф” деп аталатын екі жаңа кешен облысымыздың көлік қозғалысы көп жолдарында 30 қазан күні шықты. Бұл қондырғылардың мүмкіндіктерін қазіргі құбылмалы ауа райында тексеріп көре аламыз. Қазіргі уақытта олар тесттік режимде жұмыс істеуде және бұл жүйе өз жұмысын жақсы орындап жатыр деп айтуға болады, – дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.