Ақтөбе облысында сусабын ұрлауды кәсіпке айналдырған тұрғын ұсталды
Ақтөбе облысында сусабын ұрлауды кәсіпке айналдырған тұрғын ұсталды. Ол бір дүкенге 7 рет ұрлыққа түскен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 қарашада күндізгі уақытта белгісіз адам Хромтау қаласындағы дүкендердің бірінің сөресінен бірнеше сусабынды жасырын ұрлап кеткен. Осы факті бойынша камера жазбаларын зерделеу барысында полиция қызметкерлері күдікті ретінде 49 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады.
Тергеу барысында қазан айының соңынан бастап екі апта ішінде күдікті осы дүкенге 7 рет ұрлыққа түсіп, шаруашылық бұйымдарын сөмкесіне салып алу арқылы жасырын жымқырғаны анықталды. Бұл ретте, ол тек сусабындарды ұрлаумен айналысып отырған. Осылайша 2 аптадан аса уақыт ішінде әйел бір ғана дүкеннен 15 сусабын ұрлап, бірнешеуін бейтаныс адамға сатып үлгерген.
Шаруашылық тауарларының ұрлануының нәтижесінде 35 жастағы кәсіпкерге келтірілген шығын көлемі 35 мың теңгеден асты.
Ұрлық фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі (Ұрлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті кінәсін мойындады. Заттай айғақтар ішінара тәркіленді. Тергеу жүргізіліп жатыр.