22 жастағы петропавлдық жеке қолдану үшін есірткінің аса ірі партиясын сатып алған
22 жастағы петропавлдық азамат жеке қолдану үшін есірткінің аса ірі партиясын сатып алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР заңнамасына сәйкес есірткіні аса ірі мөлшерде өткізген жағдайда 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Көп жағдайда қылмыскерлер жауапкершіліктен жалтару үшін есірткіні жеке мақсатта пайдалану үшін сатып алғандарын айтып, құқық қорғау органдарын сендіруге тырысады.
Мәселен, наурыз айында мефедрон және тұз деп аталатын есірткімен ұсталған 22 жастағы петропавлдық сот отырысында жалпы салмағы 28 грамнан асатын синтетикалық психотроптық заттарды (бұл 300-ге жуық бір реттік дозаны құрайды) жеке пайдалану үшін сатып алғанын айтып ақталған. Оның үстіне, жас жігіттің айтуынша, ол тек мефедронды ғана сатып алған, ал екінші есірткі оған көтерме сатып алушыға берілген бонус ретінде жіберілген. Сотты жаңылыстырмақ болған әрекеті жүзеге аспады.
– Тергеу барысында жүргізілген сараптама нәтижесі ер адамның есірткіге тәуелді емес екенін және алкоголь мен каннабиноидтарға құмарлығы тиісті кезеңге жетпегенін көрсетті. Ұсталған адамның есірткі сатуға қатысы бар екенін нақты көрсететін басқа да мән-жайлар анықталды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің санкциясына сәйкес ол 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Руслан Сапаров.