Ақтөбе облысының полицейлері жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер үшін донор болды
Ақтөбе облыстық полиция департаменті басшысы бастаған полицейлер жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер үшін донор болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүкіләлемдік жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні қарсаңында 17 қарашада Ақтөбе облысы полиция департаметінің қызметкерлері донорлық акциясын ұйымдастырды.
Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге арнап өткізілген шара аясында департамент бастығы Абай Жусупов бастаған 100-ге жуық полиция қызметкері қан тапсырды. Бұл ретте, тәртіп сақшыларының қауырт қызметіне түсіністікпен қараған облыстық қан орталығының қызметкерлері полицейлерге қызметтен қол үзбеуге мүмкіндік ұсына отырып, донорлықты полиция департаментінің ғимаратында өткізді.
Мұнда азаматтық парыздарын арқалаған полицейлердің әрқайсысы 500 грамнан қан тапсырып, бірнеше адамның өмірін сақтауға өз үлестерін қосты.
– Өкінішке қарай, жыл басынан бері облыста 427 ЖКО тіркеліп, онда 87 адам қаза болды, 539 адам түрлі жарақаттар алды. Зардап шеккендер үшін және азаматтардың назарын жол қауіпсіздігіне тағы да аудару үшін біз бүгінгі донорлық акциясын ұйымдастырдық. Мұндай акцияларды біз үнемі қолдаймыз. Полиция қызметкерлерінің арасында ерікті донорлар саны да көп. Себебі күнделікті қызметте талай қауіп-қатерді көзімен көріп жүрген полицейлер қысылтаяң сәтте адам өмірін құтқару үшін донорлықтың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді, дейді облыстың бас полицейі Абай Жусупов.